«Жігіт түйе»
«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.
Сүт ақы
Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.
Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.
Есік ашар
Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады.
Ойын тойсыз, әзіл қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.