Қыз қашар
Қыз қашар
«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді. 5. Құйрық бауыр
«Құйрық бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.
Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет ғұрыптар әдетте әзіл қалжыңсыз, ойын сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай ақ осы «Құйрық бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әблмәжінұлының құдалығында «құйрық бауыр» ұсынғанда Қанапия қызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті:
Құда, құда дейсің ау, әй,
Құйрық бауыр жейсің ау, әй,
Құйрық бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің ау, әй.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда,
Құйрық бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.
Үлкен құда ардақты ай,
Кіші құда салмақты ай,
Құйрық бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты ай.
Үлкен құда әнекей ау
Кіші құда мінекей ау.
Құйрық бауыр асаттым,
Кәделерің кәнекей ау!
Әр елде, әр ауылда әр салт дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.
Итаяғына салу
Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина,күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.
Ау жар
Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:
Буынғаным беліме кісен бе еді, ау жар ау,
Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау жар ау,
Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау жар ау,
Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау жар ау!
Мінген де атың боз ғана, бике ау,
Күйеуің сенің боз бала, бике ау.
Өксігің сенің басылмас, бике ау,
Әлдилеп бала сүйгенше, бике ау.
Мінген де атым жиренше, үкі ау,
Тықыршып тұрар мінгенше, үкі ау,
Қыз көңілі басылмас, үкі ау,
Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі ау!
Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа ай ау,
Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа ай ау,
Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай ау,
Көзінің жасын қойнына, төксін апам, ай ау!
Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.
Сыңсу
Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанр алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.
Базардан келген құйысқан
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан
деп өзінің өтінішін де айта жүреді.
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.
Қыз ұзату
«Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі.
Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады. Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады